Шығармашылық кеш " Саған ғашықпын, Көкшетау!»

Шығармашылық кеш " Саған ғашықпын, Көкшетау!»

«Кітап AMANAT» орталығында ақын, жазушы, журналист Жетпісқалиев Серік Сапарұлына арналған «Ғашықпын саған, Көкшетау!» атты әсерлі шығармашылық кеш өтті

Кештің шырайын кіргізген жүргізуші – Марал Қажыкенқызы Жақыпова. Әдебиет пен руханиятты қадірлейтін зиялы қауым өкілдері мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті студенттері бас қосып, тағылымды басқосуға куә болды.

Әдебиеттанушы ғалым Сәбит Жәмбек қаламгердің поэзиядағы өзіндік өрнегін, прозалық және балаларға арналған туындыларын терең талдап өтті. Жазушы-драматург Жабал Ерғалиев оның шығармашылыққа адалдығы мен биік адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтті.

««Amanat» партиясы» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов жылы лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Ал облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова мәдениет пен әдебиетке қосқан сүбелі еңбегі үшін Алғыс хат табыстады.

Кеш барысында өңір көрерменінің ықыласына бөленген «Кітап қазына» жобасы да аталып өтті. Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы директоры Қуаныш Оспан жастарды қаламгер шығармашылығын оқуға шақырды.

Кештің көркін дәстүрлі әнші, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының өкілі Сәрсенбай Хасенов ақынның «Көкше көктемі» өлеңіне жазылған әнімен әрледі

Руханиятқа толы кеш поэзия мен саздың үндестігін сезіндіріп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.