Жаңа Конституцияны талқылауға арналған дөңгелек үстел

Жаңа Конституцияны талқылауға арналған дөңгелек үстел

Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінде ағымдағы жылдың 12 ақпанында баспасөзде жарияланған жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара модераторы мекеме басшысы Серик Жетпискалиев болды.

Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерімен қатысушыларды Орталық балалар қалалық кітапханасының меңгерушісі Бахытгуль Майданкызы таныстырды. Ол өз баяндамасында ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұны мен маңыздылығына кеңінен тоқталды.

Талқылау барысында дөңгелек үстелге қатысушылар Негізгі заңды жаңарту әділеттілік, заң үстемдігі және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың маңызды шешімдер қабылдауға қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Сөз сөйлегендер — Абдрахманова Жанаргуль, Мадина Камзина және басқа да қатысушылар референдум әрбір азаматқа белсенді азаматтық ұстанымын білдіруге, ел болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосуға және жаңғырту мен орнықты даму бағытын қолдауға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ кітапханалардың ұсынылған өзгерістердің мәнін түсіндірудегі, құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы және қоғамның ақпараттық сауаттылығын арттырудағы ағартушылық рөліне айрықша назар аударылды.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар алдағы 15 наурызда өтетін референдумның демократиялық құндылықтарды нығайту мен қоғам бірлігін күшейтудегі маңызды кезең болатынына сенім білдірді. Салмақты әрі саналы шешім қабылдау — әр азаматтың тұрақты, әділетті және өркендеген болашаққа қосқан үлесі.