10 ақпанда «Достар» мәдениет сарайында Наурыз мейрамын дайындау және өткізу мәселелеріне арналған алғашқы ұйымдастыру кеңесі өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, Аналар және Әкелер кеңестерінің, Ақмола облысының Әйелдер күштері альянсының өкілдері қатысты.
Ақпараттық баяндамамен қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күнім Уразбаева сөз сөйледі. Ол Көкшетау қаласында 14–23 наурыз аралығында Абылай хан алаңы мен «Жаңа Жағалау» жағалауында өтетін тақырыптық іс-шаралар кешені туралы жан-жақты мәлімет берді.
Мерекелік шаралардың басты оқиғасы ұлттық киімдер мен бас киім киген 1000-нан астам ер адамның қатысуымен өтетін «Қара жорға» ұлттық биінің жаппай орындалуы болмақ. Бұл жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың қазақ халқының ұлттық киім үлгісін, мәдени дәстүрлерін насихаттау және ілгерілету жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Кеңес барысында қатысушылар жарнамалық науқанды ұйымдастыру, мерекелік алаңдарды көрнекі-безендіру, сондай-ақ «Қара жорға» биін орындаушыларды дайындау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар көрсетілген локацияларда спорттық жарыстар, қазақстандық эстрада жұлдыздары мен көркемөнерпаз ұжымдардың концерттері, сондай-ақ жастарға арналған Open Air форматындағы шаралар жоспарланған.
Іс-шара іскерлік әрі конструктивті жағдайда өтті. Қатысушылар белсенді ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдіріп, алдағы мерекенің бірлік, жаңару және ұлттық дәстүрлерді сақтаудың символы ретіндегі маңыздылығын атап өтті.