Бүгінде мәдениет – бұл тек концерттер мен көрмелер ғана емес. Ол – қаланың көңіл күйі, отбасылық дәстүрлер, адамдарды біріктіретін жаңа кеңістіктер және өзіңді үлкен әрі маңызды бір істің бөлшегі ретінде сезіну. Мәдени жыл қалай өтті, қала нені ерекше мақтан тұтады және алда тұрғындарды қандай жарқын оқиғалар күтіп тұр – осы туралы біз қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Уразбаева Күнім Абдысалыққызымен әңгімелестік.
— Күнім Абдысалыққызы, өткен мәдени жылда қандай оқиғалар мен жобаларды ерекше мақтан етесіз және неліктен?
Өткен жыл шынымен де мазмұнды әрі өте жылы атмосферасымен есте қалды. Ең маңызды жобалардың бірі – «Ақ кимешек» аналар шеруі. 1500-ден астам әйел, әр өңірдің өкілдері, көпбалалы аналар, еңбек ұжымдары ұлттық киімнің сұлулығы мен дәстүрдің қуатын көрсету үшін бір алаңға жиналды. Бұл фестивальдің Қазақстан рекордтар кітабына енгені біз үшін ерекше қуаныш.
Сондай-ақ «Шай ішейік Fest» фестивалі де жарқын өтті. Бұл – үлкен шай дастарханы жайылған, адамдар еркін әңгімелесіп, музыкамен сусындаған нағыз қарым-қатынас мерекесі болды. Мұнда да рекорд орнатылып, еліміздегі ең ауқымды шай рәсімі ретінде тіркелді.
Республикалық «Құрмет саған, құрылысшы» айтысы, Абайдың мерейтойына арналған әдеби-музыкалық кеш, «Көк Шалғын» жаңа паркінің ашылуы да тұрғындар тарапынан жылы қабылданды. Біз үшін ең бастысы – адамдардың отбасымен келіп, өзін ортақ мерекенің бір бөлшегі ретінде сезінуі.
— Барлық жоспарланған бастамаларды жүзеге асыру мүмкін болды ма? Қандай мәселелер ең күрделі болды?
Жалпы алғанда, иә – негізгі міндеттер орындалды. Қазіргі таңда қалалық мәдениет бөлімінің жанында 70 клубтық бірлестік жұмыс істейді, оларға екі мыңға жуық адам қатысады. 40 көркемөнерпаз ұжым бар, оның ішінде халықтық және үлгілі атаққа ие ұжымдар да жеткілікті. Тек 2025 жылдың өзінде бес ұжым халықаралық байқауларда Гран-при иеленді.
Бір жыл ішінде екі мыңнан астам мәдени іс-шара өткізілді, шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсетілді, материалдық-техникалық база жаңартылды, кітапханалармен белсенді жұмыс жүргізілді. Әрине, қиындықтар да болды – инфрақұрылымды жаңарту және кадр мәселесі. Дегенмен, біз жас мамандарды, мәдениет колледждерінің түлектерін тартуға тырысып, біртіндеп алға жылжып келеміз.
— Қала тұрғындарының мәдени және спорттық іс-шараларға қызығушылығын қалай бағалайсыз?
Қызығушылық өте жоғары, бұл – біздің жұмысымызға берілген ең жақсы баға. Бір жыл ішінде іс-шараларға 737 мыңнан астам адам қатысты. Тұрғындар белсенді, жаңа форматтарды қызығушылықпен қабылдайды, отбасылық мерекелерге, фестивальдер мен концерттерге қуана келеді. Әлеуметтік желілерде кері байланыс та көп – пікірлер, ұсыныстар, идеялар бар. Бұл мәдениеттің қала тұрғындары үшін маңызды әрі жақын екенін көрсетеді.
— Келесі жылға қандай басым міндеттер қойылып отыр?
2026 жыл цифрландыру жылы деп жарияланды, біз бұған қазірден бастап дайындалып жатырмыз. Цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, онлайн форматтарды дамыту, мәдениет мекемелерінің жұмысында заманауи құралдарды қолдану жоспарымызда бар.
Сонымен қатар, негізгі бағыттар өзгермейді: қалалық инфрақұрылымды дамыту, таланттарды қолдау, дәстүрді сақтау және жаңа қоғамдық кеңістіктерде мәдени іс-шаралар өткізу.
— Биыл тұрғындарды қандай жаңа жобалар мен өзгерістер күтіп тұр?
Ең ауқымды жобалардың бірі – Наурыз мерекесі аясында өтетін «Қара жорға» жобасы. Ұлттық ерлер киімі мен бас киімін киген 1000 ер адамның қатысуы жоспарланып отыр. Бұл жоба да Қазақстан рекордтар кітабына ұсынылады.
Әсерді күшейту үшін біз Гиннестің жеті дүркін рекордшысы Сергей Цырульниковты шақырдық. Ол «Экстрим» атты күштік шоу көрсетеді – бұл интерактивті, перформанс элементтері бар, көрермендерге сыйлықтар таратылатын ерекше бағдарлама болады.
«Жаңа Жағалау» жағалауында «Үркер» тобы мен қалалық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен үлкен концерттік бағдарлама өтеді. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.
Спорт саласына келсек, өткен жылы инфрақұрылым айтарлықтай жаңартылды: стадиондар, спорт залдары, бассейндер қайта жөнделіп, воркаут алаңдары салынды. Красный Яр ауылында бассейні мен залдары бар заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Ал Сарыарқа шағынауданында бұқаралық спортқа да, облыстық құрама командаларды даярлауға да лайықталған көпфункционалды «KOKNE ARENA» спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл шаралар халық үшін спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, алда тұрғындарды бұдан да көп фестивальдер, спорттық жарыстар, жағалауда және «Көк Шалғын» паркінде өтетін ашық аспан астындағы іс-шаралар күтіп тұр. Біз мәдениетті тірі, қолжетімді және әр адамға жақын етуді қалаймыз – әр тұрғын одан өзіне керегін табуы үшін.