«Елін танытқан ер» атты еске алу кеш

«Елін танытқан ер» атты еске алу кеш

12 қаңтар күні «Достар» мәдениет сарайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері атағын үш мәрте иеленген, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 114 жыл толуына арналған «Елін танытқан ер» атты еске алу кеші өтті. Шара зиялы қауым өкілдерін, жастарды және ел тарихына бейжай қарамайтын көпшілікті бір арнаға тоғыстырды.

Еске алу кешінің негізгі өзегі Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы мен мемлекеттік қызметі болды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғылым мен мәдениет салаларында ауқымды жетістіктерге жол ашты. Оның басшылығы кезеңінде ірі өндіріс ошақтары салынды, білім беру мен ғылым жүйесі дамып, Қазақстанның халықаралық беделі нығая түсті.

Кеш барысында тарихшы-ғалым Еркін Киккаринов, қалалық ақпараттық кітапханалық жүйенің жетекшісі Серік Жетпісқалиев және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледж студенттері сөз сөйлеп, Дінмұхамед Ахметұлының ел тарихындағы айрықша орнына тоқталды. Баяндамашылар Қонаевты тек көреген басшы, ірі қайраткер ретінде ғана емес, биік адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген тұлға ретінде атап өтті.

Сөз сөйлегендер оның қарапайымдылығы мен кішіпейілдігін, адамға деген жанашырлығын, зиялылығы мен шынайы отансүйгіштігін, елге адал қызмет ету жолындағы табандылығын ерекше атап көрсетті. Бұл қасиеттері оны замандастарының зор құрметіне бөлеумен қатар, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдырды.

Еске алу кеші ұлы тұлғаға тағзым ғана емес, жас ұрпақ үшін отанға қызмет етудің, ел алдындағы жауапкершіліктің маңызын ұғындыратын тағылымды шара болды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі ел тарихында парасат пен жасампаздықтың, туған халқына адалдықтың символы ретінде мәңгі сақталады.