К. А. Оразбаеваның жаңа жылдық құттықтауы

К. А. Оразбаеваның жаңа жылдық құттықтауы

 

Құрметті әріптестер, қадірлі достар!

Сіздерді келе жатқан Жаңа 2026 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Өтіп бара жатқан жыл қаламыздың мәдениет бөлімі үшін мазмұны терең, жарқын оқиғалар мен маңызды жетістіктерге толы жыл болды. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыздың арқасында қала мәдениеті белсенді дамып, мазмұнды әрі шабытқа толы шаралар тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.

2025 жылды үлкен жетістіктер жылы деп нық сеніммен айтуға болады. Көкшетау қаласының тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Киелі кимешек» фестивалі Гиннестің рекордтар кітабына еніп, ұлттық деңгейде кеңінен мойындалды. Бұл шара тек мәдени жеңіс қана емес, сонымен қатар халқымыздың салт-дәстүріне, әйел-ананың даналығына және рухани мұрасына көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі болды.

Қаланың мәдени өмірінде ауқымды республикалық жобалар ерекше орын алды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамының беделін арттыруға және жұмысшы кәсіптерін дәріптеуге бағытталған «Құрмет саған, құрылысшы!» атты республикалық ақындар айтысы сәтті өтті. Бұл жоба мәдениеттің қоғамдағы өзекті құндылықтарды терең әрі көркем түрде көрсете алатынын дәлелдеді.

Жыл бойы қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесі, «Достар» мәдениет сарайы, «Көкше» мәдениет үйі, Тілдерді оқыту орталығы ұжымдары еліміздің тарихындағы маңызды даталар мен көрнекті тұлғаларға арналған түрлі форматтағы көптеген іс-шаралар өткізді. Аталған жұмыстар мемлекеттік тілді жүйелі дамытуға, қала тұрғындарының ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруға, мәдени бірегейлікті және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталды.

💥 Әрқайсыларыңызға қажырлы еңбектеріңіз, шығармашылық ізденістеріңіз бен ұйымшылдық үлгісін көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында Көкшетаудың мәдениеті дамып, өнері өрге басып, тұрғындардың өнер-білімге деген құлшынысы арытуда.

💥Алдағы 2026 жыл жаңа идеяларға, сәтті жобаларға және жарқын мәдени оқиғаларға толы болсын. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасылық амандық, шабыт, кәсіби өсу мен ертеңгі күнге деген сенім тілеймін. Үйлеріңізде береке мен жылулық, жүректеріңізде ортақ іске деген мақтаныш пен қуаныш орнасын.

💥Жаңа жыл құтты болсын! Жаңа жыл игі бастамалар мен жаңа жетістіктерге толы жыл болғай!

Уразбаева К.А.            Көкшетау қаласының «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы