«JETI QAZYNA» зияткерлік ойын

«JETI QAZYNA» зияткерлік ойын

Республика күніне орай Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған «JETI QAZYNA» зияткерлік ойыны «Достар» мәдениет сарайында өтті.

Ойынға әртүрлі мекемелерден құралған бес команда қатысты: мәдениет бөлімі, «Достар» мәдениет сарайы, «Көкше» мәдениет сарайы, қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесі және Тілдерді оқыту орталығы. 7 кезеңнен тұрған ойын барысында қатысушылар қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлері бойынша сұрақтарға жауап беріп, логикалық және математикалық есептерді шешті. Тақырыптар Қазақ хандығының заңдар жинағы, қазақ киносы, музыкасы мен әдебиетін қамтыды.

Әр сұраққа ойлануға бар болғаны 30–60 секунд берілді, ал дұрыс жауап үшін 1 балл есептелді. Барлығы — 49 сұрақ және 120 минутқа созылған қызу зияткерлік сайыс!

Қатысушылар өз білімдерінің жоғары деңгейін, логикалық ойлау қабілеттері мен командалық үйлесімділікті көрсетті. Қиын бәсекеде жеңіске «Ұлағат» командасы (қалалық мәдениет бөлімі) жетті.

Барлық қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды, ең бастысы – жағымды эмоцияларға кенелді.