«Көкше» Мәдениет үйінде ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Ғылым, білімнің қайнар көзі» атты музыкалық-әдеби кеш өтті.
Іс-шара көрермендерді Абайдың рухани әрі зияткерлік әлеміне терең бойлатты. Ақынның адам, қоғам, білім мен адамгершілік жайлы ойлары бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпай, жастарды білімге, даму жолына жетелеуде.
Мәдениет үйінің әдістеме бөлімінің қызметкері Саядил Ноярбеков Абайдың философиялық трактаттарынан, соның ішінде «Қара сөздерінен» үзінділер оқып, ақынның жалқаулық, адалдық, білім мен моральдық құндылықтар жайлы ойларын жеткізді.
Ал Мәдениет үйінің музыка жетекшісі Актота Абдрахман Абайдың сөзіне жазылған «Көзімнің қарасы» әнін шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл ән залда үлкен әсер қалдырып, қошеметке ие болды.
Ауыл ақсақалдары Жексенбай Сүлейменов пен Сансызбай Әбуов жастарды Абайдың мұрасын терең зерттеп, оның даналығынан өнеге алуға шақырып, абайтанудың маңызын атап өтті.
Кеш жылы шырайлы, еркін әрі шынайы эмоциялар мен қазақ халқының ұлы ойшылына деген терең құрметке толы атмосферада өтті.