"Ақмола барысы"облыстық турнирі

"Ақмола барысы"облыстық турнирі

27 маусым күні Көкшетау қаласының орталық алаңында қазақ күресінен облыстық «Ақмола барысы» турнирі өтті.

Бұл мәртебелі спорттық шараға облыстың 9 ауданынан және Көкшетау қаласынан келген 19 мықты балуан қатысты. Алғашқы минуттардан-ақ көрермендерді нағыз тартысты және әсерлі бәсеке күтіп тұрғаны белгілі болды.

Кілемге 92-ден 134 килограммға дейінгі салмақ дәрежесіндегі күшті, төзімді әрі техникалық жағынан жақсы дайындалған спортшылар шықты. Олардың арасында республикалық және халықаралық ареналарда жүлделі орындарға ие болған, тәжірибелі, танымал балуандар да бар. Солардың бірі – өткен жылғы «Ақмола барысы» жеңімпазы Жанболат Дартаев, оның есімі ұлттық күрестің жанкүйерлеріне жақсы таныс.

Әр белдесу балуандар үшін қайсарлық пен төзімділікті, жеңіске деген жігерді сынайтын нағыз сынаққа айналды. Спортшылар жоғары физикалық дайындықтарын ғана емес, сонымен қатар күрестің алуан түрлі әдіс-тәсілдерін көрсете отырып, жеңіс жолында барын салды. Жерлестеріне жан-тәнімен жанкүйер болған көрермендердің қолдауы балуандарға ерекше жігер мен қуат берді.

Тартысты әрі әділ өткен белдесулер нәтижесінде турнир жеңімпаздары атанды:

  • Баухан Дастан (Целиноград ауданы) — бірінші орын иегері әрі «Ақмола барысы» атағының иесі;
  • Жүнусов Асет (Көкшетау қаласы) — күміс жүлдегер;
  • Станеев Леонид (Көкшетау қаласы) — қола жүлдегер.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сертификаттармен марапатталды.

«Ақмола барысы» турнирі қазақ күресі — тек спорт қана емес, қазақ халқының күш-қайратын, ерлігін және ұлттық рухын паш ететін шынайы күрес өнері екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Ақмола барысы» облыстық турнирінің жеңімпазы «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде өңір намысын қорғайды.