Қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиевтің қабылдауында мәдениет саласының үздігі, танымал әрі талантты ақын Бақытбек Бекмұратұлы болды. Кездесуге себеп — ақынның жуырда жарық көрген «Қоңыр мұң» атты жаңа жыр жинағы. Автор өз еңбегін қалалық кітапханалар қоры үшін салтанатты түрде табыстады.
Таралымы шектеулі болғанымен, жинақ терең мағынасы, көркем әдеби тілі және шынайы сезімге толы жырларымен ерекшеленеді. Серік Жетпісқалиевтің айтуынша, «мұндай шығармалар кітапхана қорына ерекше құндылық береді, ал Бақытбек Бекмұратұлының шығармашылығы – жан дүниеңе әсер етіп, ойға қалдыратын қазіргі қазақ поэзиясының жарқын үлгісі».
Енді қала тұрғындары бұл жинақпен кез келген кітапханадан таныса алады. «Қоңыр мұң» жыр жинағы поэзияны сүйетін оқырманның жүрегінен орын алары сөзсіз, әрі жас ақынның бай ішкі әлемінің жаңа қырларын аша түседі.