Бір уыс жер - ерлікті мәңгі есте сақтау

Бір уыс жер - ерлікті мәңгі есте сақтау

2025 жылғы 14 маусымда Қызылжар ауылындағы орталық алаңда Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгер Иманбердинов Таңқыбайдың жерленген жерінен алынған қасиетті топырақты туған жерге табыстау рәсімі өтті.

Көп жылдар бойы оның туыстары ата-бабасы, әкесі туралы қандай да бір дерек табуға тырысып келді. Жақында ғана мемлекеттік мұрағаттарға жүгіну арқылы оның қай жерде жерленгені туралы нақты ақпарат алу мүмкін болды.

Отбасы батыр атаның мәңгілік мекені болған Ресей Федерациясының Карелия Республикасындағы Суоярви қаласында орналасқан бауырластар зиратынан бір уыс топырақ әкелді. Оркестрдің қайғылы әуенімен солдаттың қыздары көздеріне жас алып, осы топырақты Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіштің түбіне арнайы белгіленген орынға салды.

Рәсімге ауыл әкімі, «Көкше-Іздеу» әскери-патриоттық іздестіру клубының өкілдері, ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты. Бұл оқиға ата-бабаларымыздың бейбіт өмір үшін төлеген бағасын еске салар жүрек тебірентер сәтке айналды.

Таңқыбай атамыздың және соғыстан оралмаған мыңдаған боздақтың рухы – келер ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталатын, елге деген сүйіспеншілік пен батырлықтың, Отанға деген адалдықтың мәңгілік символына айналды.