Жастайынан Еркін Мағзұмов қазақ және орыс әдебиетінің классиктерін сүйіп оқыды. Кітап — әрдайым оның жан серігі, шабыт, даналық пен білімнің қайнар көзі болды. Өмір бойы ол үйінде 300-ге жуық кітап жинап, олардың барлығын дерлік мұқият оқып шыққан.
«Мен агроном мамандығын меңгеріп, ауыл шаруашылығында, партия органдарында еңбек еттім. Бірақ кітапқа деген сүйіспеншілігім әрдайым жанымда болды», — дейді еңбек ардагері Еркін Ерденұлы.
Зейнетке шыққан соң, ол осы кітап байлығымен өзгелермен бөлісуді жөн көріп, жинаған кітаптарын қалалық кітапханаға сыйға тартты.
«Сіздің кітаптарыңыз – оқырмандарымыз үшін нағыз қазына. Бұл сый қалалық кітапхана үшін баға жетпес байлыққа айналады», — деп ардагерге шынайы алғысын білдіріп, зор денсаулық тіледі кітапхана жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев.
Еркін Мағзұмовтың өмір жолы – кітапқа деген сүйіспеншіліктің бүтін бір ұрпақты рухани байытып, шабыттандыра алатынының жарқын үлгісі.