2025 жылдың 19–22 мамыр аралығында Щучинск қаласындағы көрікті жерде орналасқан «Жақсы» спорт кешенінің базасында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Надежда» атты облыстық спартакиада өтті. Бұл маңызды спорттық шара Ақмола облысының 15 ауданынан және 5 қаласынан келген 250-ден астам қатысушыны біріктірді.
Бұл жарысқа Көкшетау қаласынан 50 спортшыдан құралған мықты әрі ұйымшыл команда қатысты. Олар мынадай тоғыз спорт түрі бойынша бақ сынады: жеңіл атлетика, армрестлинг, жүзу, нысана көздеу, шахмат, үстел теннисі, штанга көтеру, асық ату және тоғызқұмалақ. Әрбір қатысушы тек спорттық шеберлігін ғана емес, сонымен қатар рухының мықтылығын, төзімділігін және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Біздің спортшылар барлық сынақтардан абыроймен өтіп, тартысты әрі әділ күрестің нәтижесінде қалалар арасындағы үш санатта да бірінші орынды иеленіп, 90 ұпай жинады! Бұл – олардың еңбегі, табандылығы мен жетістікке деген ұмтылысының айқын дәлелі әрі лайықты жеңісі.
Екінші және үшінші орындарды дайындық деңгейі жоғары екенін көрсеткен Қосшы және Степногорск қалаларының командалары иеленді. Аудандар арасында Жарқайың ауданының командасы үздік болып, бірінші орынды жеңіп алды.
«Надежда» спартакиадасы - спорт тек бәсеке ғана емес, сонымен қатар адамдарды біріктіретін, өзіне деген сенімділік сыйлайтын және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Спортшыларымызды тамаша өнер көрсетулерімен шын жүректен құттықтап, болашақта да үлкен жеңістер тілейміз!