Бүгін, білім саласында сапаны қамтамасыз ету Комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекованың төрағалығымен аудандық және қалалық білім бөлімдері, аумақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері, облыстық білім басқармалары басшыларының қатысуымен онлайн-жиналыс өтті.
Жиналыс барысында көптеген маңызды мәселелер талқыланды. Ең алдымен – аймақтардағы өзекті мәселелер мен азаматтардың оның ішінде педагогтардың өтініштері.
Сонымен қатар «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында заңсыз қаражат жинау, педагогтардың кәсіби қызметіне қатысты заң бұзушылықтардың алдын-алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Заңға сәйкес, Қазақстанда мұғалімдерге кәсіби қызметіне жатпайтын жұмысқа тартылуға, сондай-ақ оларға тауарлар мен қызметтерді сатып алу міндетін жүктеуге тыйым салынады. Осы талаптарды бұзу қолданыстағы заң шеңберінде жауапкершілікке алып келеді.
Білім беру саласында, оның ішінде бағалау процесінде (PISA, ББЖМ) академиялық адалдық принциптерін сақтау қажеттілігіне назар аударылды. Білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі–білім алушылардың бойында оқуға деген жауапкершілік пен адалдық құндылықтарын қалыптастыру.
Майра Мелдебекова жедел әрекет етудің маңыздылығын және білім беру жүйесінің қатысушылары арасына тығыз, үйлестірілген өзара іс-қимыл қажеттігін атап өтті.
Білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында осындай кеңестерді апта сайын өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл дегеніміз, мәселелердің тез, әрі тиімді шешілетіндігін, ал Комитет пен өңірлер арасындағы байланыстың дұрыс жолға қойылғанын білдіреді.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.