Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті аумақтық департаменттердің басшылары үшін семинар-тренинг ұйымдастырды.
Семинардың бірінші бөлімінде Комитет төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова департамент басшыларының назарын Мемлекет басшысы мен Оқу–ағарту министрі тапсырмаларының негізгі бағыттарын іске асыру барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігіне назар аударды: «Ауылдық 1000 мектепті жаңғырту», «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы», «Жайлы мектеп», «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, «Мақсатты мектептер», Қазақстанның еңбек сіңірген педагогтерін қолдау.
Сонымен қатар, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою тетіктеріне, педагогикалық этика мәселелеріне және сапалық көрсеткіштерді талдауға ерекше назар аударылды.
Бұдан әрі семинарда Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары білім беру саласындағы нақты проблемалық мәселелер мен кейстерді талдап, баяндама жасады.
Семинардың екінші бөлімі практикум форматында өтті. Командалық ойын барысында департамент басшыларына қойылған проблемалық мәселенің шешімін табу ұсынылды.
Бұл формат қатысушыларға түпкілікті нәтижеге баса назар аудара отырып, проблемалық мәселелерді шешу тәсілдеріне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.
Департамент басшыларының көшбасшылық қасиеттері мен кәсіби құзыреттерін арттыру мақсатында психологиялық тренинг өткізілді.
Семинар қорытындысы бойынша Комитет проблемалық мәселелерді шешуде аумақтық Департаменттер қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін іс-қимыл жоспарын ұсынды.