Оқу жылының аяқталуы «2022-2023 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы» ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 10 сәуірдегі №88 бұйрығымен реттеледі.
Бұйрыққа сәйкес меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында сабақтар ағымдағы жылдың 31 мамырында аяқталады, яғни бұл оқу бағдарламасын соңғы күнге дейін өту қажеттілігін білдіреді.
Алайда Министрлікке оқулықтарды мерзімінен бұрын жинап алу және оқушылардың сабақта болмауы туралы көптеген шағымдар келіп түсуде.
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті білім беру ұйымдарының барлық басшыларына осы бұйрық тармақтарының талаптарын және білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын (31.08.2022 ж. №385) толық сақтауды еске салады.
Барлық сабақтар оқулықтар мен басқа да әдістемелік материалдарды пайдалана отырып, күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес өтуі тиіс.
Сапаны қамтамасыз ету Департаменттері Министрліктің бұйрығын орындау бойынша білім беру процесіне мониторинг жүргізеді. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының №80, Ақтөбе қаласының №52 мектептерінде оқулықтарды ерте жинап алу фактілері анықталды.
Бұйрықтың бұзылуы анықталған жағдайда білім беру ұйымдарының басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.
Мектеп директорлары оқу жылының соңына дейін мемлекеттік жалпы білім беру стандартының сапалы орындалуын және игерілуін қамтамасыз етуі тиіс.
Оқулықтарды жинауға және тапсыруға оқу жылы аяқталғаннан кейін ғана, яғни 31 мамырдан кейін ғана жол беріледі.
Сонымен қатар барлық білім беру ұйымдары академиялық адалдықты сақтай отырып, 9, 11-сыныптарда қорытынды емтихандарды сапалы өткізуді ұйымдастыруы қажет.