Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бағыттары бойынша әдістемелік көмек көрсету

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бағыттары бойынша әдістемелік көмек көрсету

Ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті қызметкерлері қызмет бағыттары бойынша әдістемелік көмек көрсету мақсатында Абай және Жетісу облыстарының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне барды.

Өздеріңіз білетіндей, департаменттер 2022 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істейді және қызметкерлердің көпшілігі алғаш рет аумақтық мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін мәселелерге тап болды. Сұрақтарды қарастыру және консультативтік көмек көрсету барысында азаматтардың өтініштері мен оларға берілген жауаптарға баса назар аударылып, жауаптардың сапасы, толықтығы, уақтылы жауап берілуі талданады. Мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетудің, оның ішінде мектептер мен колледждерге лицензиялар беру мен қайта ресімдеудің, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, білім басқармасы, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен лицензиялау жөніндегі комиссияның жұмыс істеуінің маңыздылығы атап өтілді. Проблемалық мәселелер мен олардың шешу жолдары бірлесіп талқыланды. Мамандарды оқыту үшін бару жаңа қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруда айтарлықтай көмек екені сөзсіз. Сондықтан комитет жаңадан қабылданған қызметкерлерге де, жаңа облыстардың департаменттеріне де жан-жақты көмек көрсетуді ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізуге тартылған сарапшылармен кездесу барысында аттестаттау мәселелері талқыланып, оның тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар айтылды.

Жетісу өңіріне сапар Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келді. Жетісу облысы департаментінің басшысы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Білім беру саласында рұқсат беру саясаты басқармасының басшысы Жұлдыз Әуезхановамен бірге мемлекеттік аттестаттау саласындағы сарапшыларды мерекемен құттықтап, бірлесе атқарған жұмысы үшін ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыс етті.

Өңірдің білім беру ұйымдарының қызметімен танысу үшін комитет және департамент қызметкерлері Талдықорған қаласының № 28 IT мектеп-лицейіне және Жоғары политехникалық колледжіне барды. Оқу орындарының директорлары материалдық-техникалық базамен таныстырып, оқу шеберханаларын, зертханаларды көрсетті. Достық және жайлы жағдайда оқушылармен және студенттермен кездесу өтті. Балалар өздерінің оқулары және мамандық таңдаудағы перспективалық жоспарлары туралы қызығушылықпен айтты. Колледж директоры шығармашылық идеяларымен бөлісті және IT саласындағы студенттердің жобалық қызметі туралы айтты.