Өздеріңіз білетіндей, мектепішілік бақылау - бұл білім алушылар мен педагогтердің жалпымемлекеттік талаптары мен сұраныстарына сәйкес оқу-тәрбие процесінің жай-күйін бағалау жүйесі.
Мектепішілік бақылаудың мақсаты білім беру ұйымының қызметін жетілдіру, оның ішінде білім беру мен тәрбиелеу сапасын жақсарту, педагог қызметкерлердің кәсібилігін арттыру болып табылады.
2022 жылдың қарашасында республика бойынша аумақтық Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерімен орта білім беру ұйымдарында мектепішілік бақылаудың таңдамалы мониторинг жүргізілді.
Осы мониторингті жүргізу барысында орта білім беру ұйымдарында мектепішілік бақылау нормативтерінің бұзылуы анықталды.
Мысалы, бірқатар мектептерде кестелер, сабаққа қатысу нәтижелері бойынша бақылау парақтары болмаған, сонымен қатар мұғалімдер бақылау барысында ұсыныстармен таныстырылмаған. Кейбір мектептерде мектепішілік бақылаудың жоспары мүлдем жасалмаған.
Мектепішілік бақылау мониторингінің қорытындысы Республиканың орта білім беру ұйымдарында орта білім беру ұйымдары әкімшіліктерінің басқарушылық қызметі әлсіз екенін көрсетті.
Білім беру ұйымдарының басшылары мектептің тыныс-тіршілігін, оқу-тәрбие процесі мен мұғалімнің еңбегін жүйелі зерделеу арқылы мектепішілік бақылауды күшейтуі, педагогтер жұмысының барлық аспектілерін: сабаққа жоспарлау, дидактикалық және техникалық дайындық, оқушылармен жеке жұмыс, үй тапсырмаларының өзгергіштігі, оқушылардың білімін тексеру және бағалау арқылы талдауы қажет.
Қазіргі уақытта Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мектепішілік бақылауды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеуде. Аталған әдістемелік ұсынымдар Республиканың барлық білім беру ұйымдарына жіберілетін болады.