
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті педагогтер мен білім беру ұйымдары басшыларының назарын кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға аударады.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес академиялық адалдық – білім беру процесіне қатысушылар білім беру, тәрбиелеу, оқыту және ғылыми қызметті жүзеге асыру кезінде сақтайтын, олардың мінез-құлқын айқындайтын, адалдық, әділдік, құрмет, жауапкершілік пен сенім қағидаттарына негізделген нормалардың, қағидалар мен құндылықтардың жиынтығы.
Педагог үшін академиялық адалдықты сақтау - ең алдымен өзінің кәсіби міндеттерін адал орындау, білім алушылардың білімін әділ бағалау, ұсынылатын ақпараттың шынайылығы және білім беру процесіне қатысушыларға құрметпен қарау.
Педагог академиялық адалдық мәдениетін қалыптастырудың негізгі қатысушыларының бірі болып табылады. Оның жеке үлгісі білім алушылардың адалдыққа, жауапкершілікке және өзінің еңбек нәтижесіне деген көзқарасына тікелей әсер етеді. Сондықтан тиісті қағидаттарды сақтау жалаң формалдылық ретінде қабылданбауы тиіс - бұл педагогтің кәсіби қызметінің міндетті бөлігі.
Комитет педагогтерді және білім беру ұйымдарының басшыларын академиялық адалдық қағидаттарының мүлтіксіз сақталуын, білім беру процедураларының ашықтығын және бағалаудың әділдігін қамтамасыз етуге шақырады.
Педагогтің академиялық адалдығы - бұл білім алушылардың, ата-аналардың және қоғамның білім сапасына деген сенімінің негізі.
Осы бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасуда.