Мемлекеттік мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына жүргізілген мониторинг елдің барлық өңірлерін қамтыды

Мемлекеттік мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына жүргізілген мониторинг елдің барлық өңірлерін қамтыды

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттері еліміздің барлық өңірлерінде білім басқармалары мен білім бөлімдерімен бірлесіп мемлекеттік мектептердің 2026–2027 оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізуде.

Мониторинг аясында мамандар білім беру ұйымдарының қазіргі жай-күйін, мектептердің жаңа оқу жылының басталуына дайындық барысын, сондай-ақ білім алушылар мен педагогтер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға бағытталған іс-шаралардың орындалуын бағалайды.

Атап айтқанда, ғимараттарға жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына, бекітілген жұмыс кестелерінің сақталуына, орындалып жатқан жұмыстардың белгіленген талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар инженерлік желілердің, оқу кабинеттерінің, спорт және акт залдарының, асханалардың, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлардың дайындығы, сондай-ақ мектеп аумақтарының абаттандырылу деңгейі тексеріледі.

Мониторинг барысында аумақтық департаменттердің өкілдері көшпелі іс-шараларды жүзеге асырады, білім беру ұйымдарының басшыларымен және жөндеу жұмыстарын жүргізуші ұйымдардың өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайды. Анықталған бұзушылықтар немесе жұмыстардың уақытылы аяқталмау тәуекелдері болған жағдайда, оларды жою бойынша ұсынымдар әзірленеді.

Мониторингтің негізгі мақсаты – мемлекеттік мектептердің жаңа оқу жылына уақтылы әрі сапалы дайындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру процесінің барлық қатысушылары үшін қауіпсіз, қолайлы және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.