«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында балаларды сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялау мәселелері бойынша кеңес өтті

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында балаларды сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялау мәселелері бойынша кеңес өтті

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында балаларды сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялау мәселелері бойынша кеңес өтті. Іс-шара балаларды сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялауға байланысты кәсіпкерлік субъектілерін толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Кеңеске Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Туризм және спорт, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, сондай-ақ балаларды сауықтыру және демалыс саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілері қатысты.

Кездесу барысында балаларды сауықтыру орталықтарын лицензиялау тетіктері, лицензиялық талаптар, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар алу тәртібі, сондай-ақ балалар туризмін дамыту мәселелері қаралды.

Лицензиялауға жататын балаларды сауықтыру объектілері және оларға қойылатын біліктілік талаптары туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Габдушев баяндама жасады.

Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері күндізгі балалар лагерьлері лицензияланатын қызмет түріне жатпайтынын, олардың хабарлама жасау тәртібі бойынша жүзеге асырылатын қызмет түріне кіретінін түсіндірді. Сонымен қатар лицензия беру қағидалары мен біліктілік талаптарына қатысты түсіндірмелер берілді.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар лицензиялау жүйесін енгізу барысында туындайтын мәселелерді бірлесіп пысықтау жұмысын жалғастыруға, түсіндіру жұмыстарын күшейтуге және балалар туризмі мен сауықтыру саласының тұрақты дамуына қолайлы жағдайлар жасауға өзара келісті.