
Аккредиттеу кеңесінің отырыстары өткізіліп, аккредиттеу органдарының 2025 жылғы қызметінің нәтижелері туралы есептері тыңдалды.
Отырыстар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 13 ақпандағы № 34 бұйрығымен бекітілген Аккредиттеу органдарын, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану талаптары мен қағидаларының 9-тармағына сәйкес өткізілді. Аталған қағидаларға сәйкес аккредиттеу органдары өз қызметінің негізгі нәтижелері бойынша жыл сайын Аккредиттеу кеңесінің алдында есеп береді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 1-тізілімінде 10 танылған аккредиттеу органы тіркелген, олардың қатарында отандық және шетелдік ұйымдар бар.
Отырыстар барысында Аккредиттеу кеңесінің мүшелері ұсынылған есептерді жан-жақты қарап, аккредиттеу органдарының 2025 жылғы қызметіне және ұйымдардың жалпы жұмысына кешенді талдау жүргізді. Талдау шеңберінде ішкі рәсімдердің ұйымдастырылуы, құжаттаманың жүргізілуі, ресми интернет-ресурстардың мазмұны мен өзектілігі, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты мәселелер қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша аккредиттеу органдарының қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсынымдар беріліп, жекелеген кемшіліктерге назар аударылды. Кеңес мүшелері аккредиттеу органдарының білім беру сапасын қамтамасыз ету және аккредиттеу саласындағы жүйелі әрі нәтижелі қызметін атап өтіп, атқарылған жұмыстарға оң баға берді.
Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді жою және қызмет тиімділігін арттыру бойынша тиісті ұсыныстар айтылды. Аккредиттеу органдары берілген ұсынымдарды ескере отырып, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарын жүргізеді.