Комитетте өткен аппараттық кеңесте коммуникация тиімділігін арттыру және типтік оқу жоспарларын жетілдіру мәселелері талқыланды

Комитетте өткен аппараттық кеңесте коммуникация тиімділігін арттыру және типтік оқу жоспарларын жетілдіру мәселелері талқыланды

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіровтың төрағалығымен аумақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері басшыларының, сондай-ақ Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы өкілдерінің қатысуымен аппараттық жиналыс өтті.

Жиналыс барысында коммуникация тиімділігін арттыру, ақпарат алмасу және білім беру үдерісіне қатысушылар арасында сындарлы өзара іс-қимылды қалыптастырудың өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар өзара түсіністікті нығайту және іскерлік қарым-қатынас тәжірибелерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аталған жиналыста Тәрбие теориясы және әдістемесі орталығының аға ғылыми қызметкері, практикалық психолог Эльмира Алиева сөз сөйледі. Эльмира Алиева өз баяндамасында нәтижелі өзара әрекеттестікті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін жан-жақты ашып көрсетіп, коммуникативтік кедергілердің алдын алу және оларды сындарлы шешу әдістерін ұсынды. Әсіресе аудитория мен контекст ерекшеліктерін ескере отырып, коммуникациялық стратегияларды бейімдеудің маңыздылығына тоқталды, бұл бірлескен қызметтің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен бірге жиналыстың маңызды бөлігі бұл типтік оқу жоспарларын, олардың құрылымы мен мазмұнын талдауға арналды. Мазмұнды баяндамаларды орта білім мазмұны институты директорының орынбасары, магистр Салтанат Жумабаева және аға ғылыми қызметкер, магистр Айнур Акатаева ұсынды. Баяндамаларда оқу жоспарларын әзірлеудің әдіснамалық негіздері, оқу жүктемесін бөлу қағидаттары және пәндерді кезең-кезеңімен меңгеру логикасы кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ типтік оқу жоспарларын практикада қолдану, олардың білім беру үдерісінің жүйелілігін қамтамасыз етудегі рөлі және білім беру ұйымдарының нақты жағдайларына бейімдеу мүмкіндіктері талқыланды.

Жиналыстың нәтижесі бойынша Комитеттің төрағасы Серік Әшіров баяндамашыларға мазмұнды баяндамалары мен кәсіби диалогты дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар, аумақтық департаменттер басшыларына азаматтардың өтініштерімен жұмысты жүйелі әрі реттелген түрде ұйымдастыру тапсырылды.

Басым міндеттердің қатарында кері байланыстың сапасын арттыру, белгіленген мерзімдерді сақтау және өтініштерді қарау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету атап өтілді.

Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда.