Білім сапасын арттыру мәселелері бойынша аппараттық кеңес өтті

Білім сапасын арттыру мәселелері бойынша аппараттық кеңес өтті

 Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров аумақтық департаменттердің басшыларымен кезекті аппараттық кеңес өткізді.

                Кеңес барысында білім беру жүйесін дамыту, білім беру процесінің сапасын арттыру, сондай-ақ білім беру саласындағы заңнама талаптарының сақталуы мәселелері қаралды.

                Талдау баяндамасымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында Ұлттық тестілеу орталығының деректері негізінде дайындалған 2025 жылға арналған педагогтердің білімін бағалау нәтижелеріне талдау ұсынды. Баяндамада педагогтердің кәсіби даярлығының негізгі көрсеткіштері көрсетіліп, негізгі үрдістер айқындалып, мұғалімдердің біліктілігін бағалау жүйесін одан әрі жетілдіру бағыттары белгіленді.

                Сонымен қатар кеңеске қатысушылар бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығы деңгейін бағалауға бағытталған PIRLS-2021 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін талқылады. Ерекше назар білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу (ББЖМ-2025) шеңберінде 4-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін талдауға аударылды. Ұсынылған деректер мектеп оқушыларының дайындық деңгейін айқындауға және білім сапасын одан әрі арттыру бойынша міндеттерді белгілеуге мүмкіндік берді.

                Талқылау барысында білім беру қызметін лицензиялау кезінде заңнама талаптарының сақталуы мәселелері де қаралды. Аумақтық департаменттердің басшыларына осы бағыттағы бақылауды күшейту, сондай-ақ өңірлерде білім сапасын арттыруға бағытталған шараларды іске асыру бойынша тапсырмалар берілді.

                Кеңес қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған басым міндеттер мен оларды іске асырудың нақты қадамдары айқындалды.

                Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.