Еліміздің мектептерінде Білім күніне арналған салтанатты жиындар өтті

Еліміздің мектептерінде Білім күніне арналған салтанатты жиындар өтті

Астана қаласындағы М.Дулатов атындағы № 68 мектеп-гимназиясында «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров қатысып, оқушыларды, ата-аналар мен педагогтерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

2025–2026 оқу жылында еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4 миллионнан астам бала білім алуды бастайды, олардың ішінде шамамен 360 мың бірінші сынып оқушысы және 216 мыңнан астам 11-сынып бітіруші бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру саласында сапаны арттыруға, қауіпсіз және жайлы оқу ортасын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды шаралар жалғасуда.

«Мемлекетіміздің ең басты құндылығы – балалар. Сондықтан сапалы білім беруге арналған жайлы және қауіпсіз ортаны құру бойынша ауқымды шаралар қабылдануда. Соның айғағы ретінде соңғы екі жылда 422 жаңа мектеп ашылды, тағы 149 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жүргізіледі, ол мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы серіктестікті күшейтеді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде адал, табысты және еңбекқор азамат тәрбиелейміз», – деді Серік Әшіров.

Сонымен қатар, оқу жылының басталуымен тәрбие, педагогтерді қолдау және мектеп инфрақұрылымын дамыту бағыттарын қамтитын кешенді бастамалар жүзеге асады.