Бүгін «943 – елдегі мақсатты мектептерді дамыту» панельдік секциясы аясында жоба қорытындылары шығарылды.
Секция жұмысы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекованың құттықтау сөзінен басталды. Ол «943 – елдегі мақсатты мектептерді дамыту» жобасының маңыздылығын атап өтіп, мұндай жобаларды жүзеге асыру өңірлердегі білім сапасын арттырудың басты қозғаушы күші екенін айтты.
Секция барысында педагогтердің кәсіби дағдыларын дамыту нәтижелері, мақсатты мектептердің негізгі тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу, мектепішілік бақылауды жетілдіру, білім алушылардың білімін бағалаудың заманауи тәсілдері және оқу үдерісінде қазіргі заманғы білім беру технологияларын қолдану мәселелері талқыланды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының өкілдері, оның ішінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері баяндама жасады. Сондай-ақ панельдік секцияға
KPI көрсеткіштерін арттырған мақсатты мектептің директоры және Testter.kz жобасының негізін қалаушысы шақырылды. Секцияны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров жүргізді.
Айта кетерлігі, панельдік секция жыл сайынғы «БІЛІМ КЕЛЕШЕГІ: АДАЛ АЗАМАТ, КӘСІБИ МАМАН» республикалық тамыз конференциясының аясында өтті.