Орта білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілуде

Орта білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілуде
Орта білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілуде
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті 2025–2026 оқу жылына дайындық шеңберінде білім беру ұйымдарының дайындығын тексеру мақсатында іріктелген мектептерге бару арқылы мониторинг жүргізуді тапсырды.
Осыған сәйкес, Жамбыл облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нысанбаев Мұхит Аманқұлұлы және департамент қызметкерлері 2025 жылғы 31 шілде күні Жуалы және Байзақ аудандарында орналасқан бірқатар білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылына дайындық деңгейін бағалау мақсатында мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында келесі мектептерге бару жүзеге асырылды:
1. Жуалы ауданы №28 Амангелді атындағы орта мектеп
2. №11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектеп
3. Байзақ ауданы Әзімбек Жанқұлиев атындағы орта мектеп
4. Жамбыл атындағы орта мектеп
5. Сарыбарақ орта мектебі
6. Александр Матросов атындағы негізгі мектеп
Сонымен қатар, қозғалыс бағыты бойынша орналасқан келесі мектептерге де аралау жүргізілді:
7. №26 Жаңаталап орта мектебі
8. №25 Ақтөбе тірек мектебі (ресурстық орталық)
📌 Оқу орындарының материалдық-техникалық жағдайына қатысты анықталған проблемалар:
📍 Жуалы ауданы, №28 Амангелді атындағы орта мектеп
Аталған мектеп 2008 жылы пайдалануға берілген. 2023 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, бірқатар маңызды мәселелер әлі де сақталуда.
🔹 Жаңбырлы күндері және қар еріген кезде шатырдан су ағу жағдайлары орын алады, бұл – ғимараттың герметикалығының бұзылғанын және оқыту үдерісіне тікелей кедергі келтіретін фактор екенін көрсетеді.
🔹 Спорт залда өртке қарсы сигнализация жүйесі орнатылмаған. Бұл – өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылуы.
🔹 Турникет жүйесі орнатылмаған, бұл мектептегі қауіпсіздік деңгейін төмендететін фактор болып есептеледі.
🔹 Жалпы, мектеп күрделі жөндеуден өтсе де, шатыр мәселесі мен қауіпсіздік құралдарының жетіспеушілігі назар аударуды қажет етеді.
📍 Жуалы ауданы, №11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектеп
Аталған мектеп ғимаратында балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жағдайлар орын алған.
🔹 Мектеп жертөлесінде су деңгейі жоғары, ал сол маңда электр жүйесі орналасқан. Бұл – қысқа тұйықталу, өрт шығу немесе ток ұру қаупінің жоғары екенін көрсетеді. Мұндай жағдай – балалардың өміріне тікелей қауіп төндіретін фактор (өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін көз).
🔹 Жылыту жүйесі толық тозған. 1987 жылдан бері құбырлар мен батареялар жаңартылмаған. Қыс мезгілінде батареялардан су ағып, оқу бөлмелерінің жылу деңгейі талапқа сай емес.
🔹 Ғимараттың техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз, кешенді күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
📍 Жуалы ауданы, №26 Жаңаталап орта мектебі
🔹 Мектеп шатырының техникалық жағдайы сын көтермейді. Жел соққан кезде шеткі бөліктері ұшып кеткен. Қыста шатыр арқылы ызғар өтетіні анықталған, бұл ғимарат ішіндегі температураны қалыпты деңгейде ұстауға кедергі келтіреді.
🔹 Шатырда кептердің көптеп қоныстануына байланысты құс қиы жиналып қалған, бұл – санитарлық талаптардың бұзылуына әкеледі.
🔹 Мектептегі санитарлық тораптарда (әжетханаларда) ұлдар арналған бөлек кабиналар қарастырылмаған.
🔹 Спорт залда өртке қарсы сигнализация жүйесі жоқ.
🔹 Жалпы, мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді.
📍 Жуалы ауданы, №25 Ақтөбе тірек мектебі (ресурстық орталық)
🔹 Спорт залда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде
🔹 Әжетханаларда ұлдар мен қыздарға арналған кабиналар бөлінбеген, бұл гигиеналық талаптарға сәйкес келмейді.
📍Байзақ ауданы, №Сарыбарақ орта мектебі
🔹Мектеп ескі ғимараттан жаңа ғимаратқа көшуде, пайдалануға беру құжаттары рәсімделу сатысында.
🔹Кіреберісте тактильді тақта мен қызметкерді шақыру түймесі орнатылмаған, Брайль қарпімен жазылған жазбалар жоқ. Сатымен көтерілу мүмкіндігі ерекше білім беруді қажет ететін тұлғалар үшін бейімделмеген.
🔹Инклюзивті оқытуға арналған оқулықтармен қамтамасыз етілмеген.
🔹Асханада желдету жүйесі толық аяқталмаған, спорт залда желдету жүйесі мен терезелер жоқ.
🔹Химия кабинетіндегі зертханалық құрал-жабдықтар жеткіліксіз.
🔹 Кабинеттер толық жабдықталмаған, ашылуға дайындық қажет.
📍Байзақ ауданы, Жанкулиев атындағы мектебі
🔹Мектеп ашылғалы бері күрделі жөндеу жүргізілмеген.
🔹Пандус және қызметкерді шақыру түймесі жоқ, Брайль қарпімен жазылған жазбалар жоқ.
🔹Қақпаны ауыстыру қажет.
🔹Даладағы әжетхананы бұзу қажет.
🔹Желдету ойықтарына торлар орнату қажет.
🔹 Бірінші қабатта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған санитарлық тораптарды жабдықтау қажет.
🔹Мектеп ашылғалы бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Шатыр, терезелер, есіктер, едендер, санитарлық тораптар, асхана және оқу кабинеттері жөндеуді қажет етеді.
🔹Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары қажет.
📍Байзақ ауданы, Жамбыл атындағы орта мектебі
🔹Сыртқы электр сымдары оқшаулауды қажет етеді.
🔹Даладағы әжетхананы бұзу қажет.
🔹Ұлдарға арналған әжетханалар жөндеуді қажет етеді.
🔹Спорт залда желдету жүйесі мен терезелер жоқ.
🔹Жылу құбырларының жағдайы қанағаттанарлықсыз.
🔹Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді.
📍Жамбыл ауданы, А. Матросов атындағы негізгі мектебі
🔹Кіреберісте тактильді плитка, қызметкерді шақыру түймесі және Брайль қарпімен жазылған жазбалар жоқ.
🔹Сыртқы ойын алаңы дайындық сатысында.
🔹Даладағы әжетхананы бұзу қажет.
🔹 Еден плиткалары жөндеуді қажет етеді.
🔹Арнайы пәндерге арналған кабинеттер жабдықталмаған. 🔹Спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген.
🔹Қазандықта көмір сатып алынбаған.
🔹 Мониторинг барысында кей мектептерде қауіпсіздікке жауапты кезекші қызметкерлер дабыл түймесі мен құлақтандыру жүйесінің мақсаты мен қолдану тәртібін толық білмейтіні анықталды. Өз міндеттеріне салғырт қарау фактілері тіркелді.
Осыған орай мектеп әкімшіліктеріне аталған қызметкерлермен түсіндіру және нұсқамалық жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы ескерту берілді.
---
Қорытынды:
Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті тапсырмалар мектеп әкімшіліктеріне берілді. Кемшіліктерді жою жұмыстарының орындалуы Жамбыл облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің тұрақты бақылауында болады.