«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасында Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы белсенді іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – апатты мектептерді жою, үш ауысымды оқытуды және жалпы орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын болдырмау, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай заманауи оқу жағдайларын жасау.

Аталған жоба аясында Ұлытау облысында жалпы 3600 оқушы орынға арналған алты жалпы білім беретін мектептің құрылысы жоспарланған. Қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Барлық жобалардың тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, мердігер – «НұрАстанаҚұрылыс» ЖШС.

Нысандар бойынша іске асыру барысы:

  • Жезқазған қаласындағы (Қабанбай мөлтек ауданы) 300 орындық мектеп
    Құрылысы 2023 жылы басталды. Жер учаскесі анықталып, шекарасы бекітілді, аумақ қоршалды. Конкурс нәтижесі бойынша мердігер ретінде «НұрАстанаҚұрылыс» ЖШС тағайындалды. Қазіргі уақытта нысан пайдалануға қабылдау актісін рәсімдеу сатысында.
    Жезқазған қаласындағы 300 орындық мектеп (мердігер – «NAK CONSTRUCTION» ЖШС).
    №12 мектепте оқу үдерісін 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастау жоспарланып отыр. 170 оқушы контингентімен 11 сынып-комплект ашу көзделген: 1–4 сыныптар – 4 (70 оқушы), 5–9 сыныптар – 5 (75 оқушы), 10–11 сыныптар – 2 (25 оқушы), сонымен қатар 1 мектепке дейінгі дайындық сыныбы – 15 тәрбиеленуші.
    «№13 жалпы білім беретін мектеп» КММ-нен 150 оқушы мен бірқатар педагогтарды көшіру жоспарланып отыр.
    Бүгінгі таңда педагогтер мен қызметкерлерді қабылдау жүргізілмеген. Пайдалануға беру актісі әлі қол қойылмаған, мектеп Білім басқармасының балансына берілмеген.

Оқу кабинеттері мен ғимарат жай-күйі:
Мектепте 20 оқу кабинеті, 3 лаборатория, 1 STEM-зертхана, ұлдар мен қыздарға арналған 3 технология кабинеті, АӘД кабинеті – 1, әкімшілік және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу кабинеттері – 8, асхана – 1, спорт залы – 1, акт залы – 1, кітапхана – 1, медициналық кабинеттер – 3, коворкингтер – 2, сервер бөлмесі – 1, диспетчерлік пункті бар күзет бөлмесі – 1 бар.
Оқу кабинеттері корпустық, оқушы және жұмсақ жиһазбен жабдықталған, стендтер безендірілген, кеңсе техникасы орнатылған. Ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері, акт және спорт залдары, асхана, тамақ блогы және басқа да бөлмелер қажетті жабдықтармен қамтылған.
Химия кабинетінде әрбір партаға су құбыры тартылған.

Санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуы:
Мектеп сыртқы электрмен және сумен жабдықтау желілеріне қосылған, ішкі инженерлік желілер жүргізілген, ұлдар мен қыздарға арналған санитарлық тораптар жеткілікті мөлшерде, унитаздар мен қолжуғыштар орнатылған. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕБҚ) балаларға арналған жеке санитарлық тораптар қарастырылған.

Білім беру процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету:
Мектеп ішкі және сыртқы бейнебақылау камераларымен, дабыл түймелерімен және турникеттермен жабдықталған.
Әр қабатта ауызсу фонтандары орнатылған. Өрт қауіпсіздік шығу есіктері, өрт дабылы жүйесі қарастырылған.
ЕБҚ бар балаларға жағдай жасалған (пандустар, лифт, санитарлық-гигиеналық аймақтар, шақыру түймелері, тактильді жолақтар).

Мектеп аумағын абаттандыру:
Мектеп аумағы сыртқы қоршаумен қамтылған, жарықтандырылған, асфальт төселген, спорттық ойындарға арналған жабдықтар, спорт және балалар алаңдары орнатылған. Аумақты көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.
Мектепті жабдықтау 100% аяқталған.

Қалған нысандар әртүрлі жоспарлау және дайындық кезеңдерінде.