ҰСТАЗЫМА МЫҢ АЛҒЫС!
Кеше Ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай, Түркістанда салтанатты іс-шара болып өтті. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы аймақтың барша педагогтар қауымын құттықтаған болатын. Аталмыш шараға департамент басшысы Алматов Ғалымжан Бауыржанұлы да қатысты.
Ең алдымен өңір басшысы республикалық, облыстық олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздарын дайындаған 30 мұғалімге өз атынан марапат ұсынып, арнайы сыйлықтар табыстады. Оның ішінде 10 ұстаз “Ы.Алтынсарин” төсбелгісі мен 20 педагог “Құрмет грамотасын” алып, 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен ынталандырылды.
Бұдан бөлек, Дархан Амангелдіұлы шәкірті 42 елдің оқу орнынан шақырту алған “Түркістан Білім-инновация” лицейінің география пәнінің мұғалімі Бастами Арғын Ержанұлына облысты әлемге танытқан ерен еңбегі үшін көлік мінгізді. Оның шәкірті Ислам Әбдірахманов қазір АҚШ-та оқып жатыр.
Сондай-ақ, Ұстаздар күнінде «Білім берудегі көшбасшы бағдары» атты форум өткізілді. Форумда ТЭД стилінде Алматы Менеджмент Университет (AlmaU) негізін қалаушы және президенті Қожахметов Асылбек Базарбаевич «Өзгерістер дәуіріндегі білім беру: Көшбасшылық пен кәсіпкерлік-жетістік кілті» тақырыбында және Knowledge Engineering компаниясының директоры Әшім Нартай Қасымжанұлы тыңдаушыларға қажет өте құнды баяндамалар жасады.
Семинар барысында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы, Департамент басшысы Алматов Ғалымжан Бауыржанұлы, Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Маханбетов Жандос Маханбетұлдарының қатысуымен 100 шақты педагогқа “Ы.Алтынсарин” төсбелгісі мен сертификаттары табыс етілді.
Сонымен қатар, салтанатты шарада еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері, танымал эстрада жұлдызы Маржан Арапбаева, «Жігіттер» квартетінің мүшесі Айдар Тұрғамбек пен «Жаңа леп» шығармашылық ұжымының әртістері де өз өнерлерін көрсетті.
Ұстаздар күні құтты болсын!