Білім – болашақтың басты кепілі

Білім – болашақтың басты кепілі

Кеше Қазығұрт ауданында білім беру саласын дамытуға бағытталған мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар барысында білім сапасын арттыру, саладағы өзекті мәселелерді түсіндіру, педагог мәртебесін нығайту және озық тәжірибелерді тарату бағыттары жан-жақты қарастырылды.

Іс-шаралар Қазығұрт ауданы С.Рахимов ауыл округіндегі С.Рахимов атындағы мектепте және Қазығұрт ауылындағы Өнер мектебі ғимаратында өткізілді. Жиынға ауданның барлық ауылдық округтеріндегі білім беру ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысты.

Бағдарлама аясында ауданның үздік білім беру ұйымдарының тәжірибесі таныстырылып, білім саласының ардагерлері, депутаттар, ата-аналар және қоғам белсенділерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мектеп директорларының орынбасарларымен білім сапасы мен тәрбие жұмыстары бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіліп, жеке қабылдау жүргізілді. Білім беру ұйымдарының басшыларымен кеңейтілген кездесу өтті.

Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес мүшесі, «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Байғұт Нышан Тасболатұлы өз сөзінде ұстаз әдебі, педагог мәртебесін арттыру және білім беру жүйесіндегі адамгершілік құндылықтарды сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, спикерлер өз құзыреттері шеңберінде білім беру саласының өзекті бағыттарын қамтып, маңызды пікірлерімен бөлісті.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.

Қорыта келгенде, ұстаз – ұлттың шамшырағы, ал сапалы білім – кемел келешектің берік негізі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар мен ортақ жауапкершілік алдағы уақытта да басты назарда болады.