
Қазіргі уақытта мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагог қызметкерлерді қабылдау Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №57 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №96 бірлескен бұйрығымен бекітілген Қағидаға сәйкес жүзеге асырылады.
Орта білім беру ұйымдарына педагогтерді қабылдау «Педагогті жұмысқа қабылдау» модулі (https://hr-nobd.edu.kz/) арқылы онлайн форматта жүргізіледі.
Мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарында аталған модуль толық іске қосылғанға дейін конкурс қағаз нұсқада өткізіледі.
♦Конкурс жариялау негіздері:
Бос немесе уақытша бос лауазым пайда болған жағдайда, сондай-ақ оқу жүктемесі 50 пайыздан асқан кезде конкурс жарияланады.
♦Құжаттарды қабылдау мерзімі:
Конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде үміткерлерден құжаттар қабылданады.
♦Іріктеу кезеңдері:
– Конкурстық комиссия құжаттарды 5 жұмыс күні ішінде қарайды;
– Үміткерлердің біліктілік деңгейі белгіленген бағалау парағы негізінде балдық жүйе арқылы анықталады;
– Ең жоғары балл жинаған үміткер конкурс жеңімпазы болып танылады.
♦Конкурссыз қабылдау мүмкіндігі:
Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары нәтижемен аяқтаған және тиісті сертификаты бар тұлғалар педагог қызметіне конкурссыз қабылданады. Бірнеше үміткер болған жағдайда, GPA көрсеткіші жоғары кандидатқа басымдық беріледі. Тең көрсеткіштер болған жағдайда конкурстық комиссия әңгімелесу өткізіп, шешім қабылдайды.
♦Ашықтықты қамтамасыз ету:
Конкурстық комиссия кемінде 5 мүшеден құрылады. Оның құрамына педагогтер, әдіскерлер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізіледі. Комиссия отырыстары міндетті түрде аудио және бейнежазбаға түсіріліп, жазбалар 1 жыл мерзімде сақталады.
Құрметті үміткерлер!
Педагог қызметіне орналасу үшін аталған Қағида талаптарымен мұқият танысып, құжаттарды белгіленген тәртіпке сәйкес дайындауларыңызды сұраймыз.