Петропавл қаласының мектепке дейінгі ұйымдарына арналған семинар

Петропавл қаласының мектепке дейінгі ұйымдарына арналған семинар

2027 жылғы қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының қызметін кезең-кезеңімен лицензиялау басталады. Бұл процесс үш жылға есептелген. Солтүстік Қазақстан облысында лицензиялауға барлығы 429 ұйым (бөбекжайлар, балабақшалар, мектеп-бөбекжай-балабақша кешендері, мектепке дейінгі шағын орталықтар) жатады.

Бірінші кезекте дербес заңды тұлға болып табылатын мектепке дейінгі ұйымдардың біліктілік талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Олардың басым бөлігі облыс орталығында орналасқан. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 3 тамызында Департамент «Ивушка» бөбекжайы базасында кезекті түсіндіру семинарын өткізді.

Кездесу барысында Департамент қызметкерлері лицензиялау рәсімінің нормативтік-құқықтық базасын жан-жақты түсіндірді. Басшылардың назары қаржыландыруды қажет ететін талаптарға ерекше аударылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 мамырдағы №216 бұйрығымен бекітілген нормаларға сәйкес оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілу мәселесі кеңінен қарастырылды.

Осы бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.