Ағымдағы жылдың 7 тамызында Солтүстік Қазақстан облысының білім беру ұйымдарының 2025-2026 оқу жылының басына дайындығымен танысу мақсатында өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Серік Кеңесұлы Әшіров келді.
Білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығының объективті бейнесін көру үшін бірнеше білім беру нысандарына барды. «Береке» шағын ауданында 600 оқушыға арналған «Келешек мектебі» жобасын іске асыру шеңберінде мектеп құрылысының барысымен танысты, Петропавл қаласының «№17 ұлттық жаңғыру орта мектебі-кешені» және Қызылжар ауданының «Парасат» мектеп-лицейін реновация аясындағы жасалып жатқан жұмыстарына баға берді.
Сондай-ақ, «Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицей» КММ күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, оқушыларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қызылжар ауданының №3 Бескөл орта мектебі мен Бәйтерек орта мектебінде болып қайтты.
Күннің екінші жартысында басқарма және білім бөлімдерінің басшыларымен, «Өрлеу «БАҰО» АҚ СҚО бойынша ПҚ БАИ, облыстың әдістемелік орталығының өкілдерімен, мектеп директорларымен, оның ішінде «Келешек мектебі» директорларымен кеңес өткізілді.
Кеңесте оқу жылының басына дайындық барысы туралы сұрақтар, Солтүстік Қазақстан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Темірболатқызы Таласбаева айтқан өңірдің білім беру саласындағы проблемалық мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Серік Кеңесұлы Әшіров өз сөзінде «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының нормаларын сақтау және білім беру процесін іске асыру үшін тиісті жағдайлар жасау қажеттігін атап өтіп, жаңа оқу жылына арналған жұмыстың басымдықтарын атап өтті.