2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында жасанды интеллект саласындағы білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Мұны білім беру жүйесін жаңғыртуға және еңбек нарығында сұранысқа ие болашақ мамандарды даярлауға бағытталған маңызды қадам деп қарастыруға болады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жасанды интеллект технологияларын меңгеру дағдыларын қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Бұл жаңа бағдарламалар мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуді қажет етеді. Мұндай бастама оқушылардың жас кезінен-ақ заманауи үрдістермен танысып, болашақты айқындайтын технологияларды игеруіне мүмкіндік береді. Осылайша, қазақстандық білім беру жүйесі жаһандық білім беру трендтеріне сай болмақ.
Жолдауда педагогтарды даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президенттің айтуынша, жасанды интеллект элементтерін мектеп бағдарламасына табысты енгізу үшін мұғалімдердің осы саладағы құзыреттерін арттыру қажет. Педагогтардың біліктілігін көтеру – білімді сапалы жеткізудің және оқыту тиімділігін арттырудың кепілі.
Жолдаудың маңызды тұстарының бірі – ауыл мектептеріндегі балаларға сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету. Осы бағытта «Qazaq Digital Mektebi» үлгісі ауылдық шағын жинақты мектеп оқушыларының жасанды интеллект негіздерімен танысуына, оқу материалдарына қол жеткізуіне, жеке әлеуетін ашуына жол ашады. Бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жоюға және инклюзивті білім беруді дамытуға ықпал етеді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы балалардың әлеуетін дамыту үшін балаларды дамыту орталықтарын салудың маңыздылығын атап өтті. Мұндай орталықтар өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Жолдау ел болашағының айқын бейнесін көрсетеді. Жасанды интеллект пен цифрлық трансформациялар экономикалық өсудің ғана емес, сапалы білім берудің де басты факторы болып отыр. Бұл сала мемлекеттік те, жекеменшік те инвестициялар үшін басым бағытқа айналмақ. Ерте жастан ИИ технологияларын оқыту бастамасы елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясына негізделгенін айғақтайды.
Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын қазақстандық білім беруді жаңа деңгейге көтеруге, оны заманауи әрі жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік беретін көреген қадам деп бағалауға болады.