2025 жылғы 21 тамызда Естай атындағы Қалалық мәдениет сарайында Павлодар облысы мұғалімдерінің облыстық тамыз конференциясы өтті. Конференция «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» ұранымен ұйымдастырылды.
Шара барысында білім беру саласының өкілдері, мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық пен сарапшылар бас қосып, білім беруді дамыту бағыттарын, цифрлық және педагогикалық инновацияларды енгізу мәселелерін, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеу мен кәсіби даярлау жолдарын талқылады.
Конференция 2024–2025 оқу жылының қорытындылары туралы деректер мен фактілерге негізделген бейнефильммен басталды. Одан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бейнежолдауы көрсетілді.
Қатысушыларды ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Аширов құттықтап, сапаны бағалаудағы жүйелі тәсілдің маңыздылығын және педагог рөлінің өзгерістер үдерісіндегі орнын атап өтті.
Конференцияның негізгі баяндамасын Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов жасап, өңірдің білім беру саласындағы басым бағыттарын атап өтті және ұстаздар қауымына жас ұрпақтың болашағы үшін атқарып отырған ерен еңбегі мен жанашырлығы үшін алғысын білдірді.
Конференция соңында Павлодар облысының үздік педагогтарын марапаттау рәсімі өтті. Облыс әкімі үздіктерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстады.
Ұстаздардың облыстық тамыз конференциясы тағы да өзінің маңызын дәлелдеп, білім беру саласындағы басты диалог алаңы ретінде жаңа идеяларды туындатуға, күш біріктіруге және қазақстандық мектептің болашағын бірлесе қалыптастыруға мүмкіндік берді.