
Ел Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен бір салада ұзақ жылдар еңбек етіп, еңбек қызметінде ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттау, құрмет көрсету, еңбек маңыздылығын насихаттау іске асырылып келеді. Осы орайда білім саласында үздіксіз, ұзақ жылдар еңбек еткен ұстаздарды «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау жалғасын табуда.

Департамент басшысы Ғ.Дәулетова зейнеткер ұстаз Дуйсенова Алмагуль Акмырзаевнаға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың ұзақ жылдар бойы білім саласына қосқан үлесі мен шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбегіне алғысын жеткізіп, «Еңбек ардагері» медалін табыс етті.

Дуйсенова Алмагуль Акмырзаевна білім саласында 41 жыл үзбей қызмет еткен білікті ұстаз. 1972 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Тереңөзек ауданы А.АЖданов атындағы №36 орта мектепте физика-математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша ұстаздық етуден бастаған. 1977 жылдан бастап №210 орта мектепте физика-математика пәнінен ұстаздық етіп, білім саласында үздіксіз еңбек етті.

Дуйсенова Алмагуль Акмырзаевна еңбек еткен жылдары аудандық, облыстық Құрмет Грамоталары, Білім және ғылым министрінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Зейнеткер ұстаз, марапат иесі Дуйсенова Алмагуль Акмырзаевна білім саласында ұстаздар қауымына жасалып жатқан құрмет үшін алғысын білдіріп, батасын берді.

Ардагер ұстаздың еңбегі еленіп, үлкен марапатқа ие болуы жұмыс жасап жатқан ұстаздарымызға үлкен серпіліс берері сөзсіз. Осындай құрметке лайықты ұстаздарымыздың қатары көбейе берсін!