
Әдептілік – адам бойындағы жағымды қасиет. Әбу Насыр әл-Фараби: «Әдептілік – әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы, қазынасы», - деп тегін айтпаса керек. Жақсы әдет, жақсылық жасау бұл қай жерде болмасын – өнеге, тағылым.
Тағы бір ғалым: «Әдеп – тәж секілді. Оны киген кісі бар бәледен құтылады». – деген. Ойланып қарасақ, шындығында әдепті кісіге қандай адам жау болады? Әдеп басы-тіл. Халқымыз «Басқа бәле тілден...» деп те тегін айтпаған. Сондықтан адамдармен қарым-қатынаста әдеп сақтап, мәдениетті тілдесу -парыз.
Біздің халқымыз әр кезде де, нақыл сөзді «қазынам», өнегені «өрісім» деп таныған. Өйткені мағынасы, мәні бәрі өмірден алынған. Сонымен, өз ниетің түзу болса, жылы сөз айтсаң, біреуге жақсылық жасасаң қайтып келеді. Біз әрқашанда бір-бірімізге жылы сөз айтып, өзіміз де сондай жақсы сөздер естіп жүрейік. Адам әрдайымда бет сұлулығымен емес, ішкі жан дүниесімен, әдептілігімен, мәдениеттілігімен әдемі.
Бұл қасиеттер, кез келген адамның бойынан табылса әрине, нұр үстіне нұр, ал мемлекеттік қызметшілер үшін екі есе міндетті болу керек. Өйткені, олар халыққа қызмет көрсетеді, көпке үлгі болуы тиіс. Сондықтан Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормалары және мінез-құлық қағидалары жөнінде заң қабылданды және бұл жылдан жылға жетілдіріп келеді. Мұндағы жалпы ережелер мемлекеттік қызметте жүрген тұлғалардың барлығына ортақ. Мемлекеттің қызметшілердің көпшілік алдында өзіндік моральдық-әдептілік бейнесі болуы керек. Сонда ғана оларға деген халықтың құрметі артып, сенімі нығая түседі.
Мемлекеттік қызметші —жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтап, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуы тиіс. Себебі олар жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап, қабылдаған шешімінің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға, халықтың дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндеттейді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс.
Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адал ниетімен құзыретті және тиімді түрде орындайды деп есептейді. Бұл жөнінде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп Кодексінде көрсетілген.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды. Мемлекеттік органдарда осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру Әдеп жөніндегі уәкілдерге тапсырылған. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар легі аз емес. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаментінде 2 семинар, 9 жеке қабылдау өтті. Жеке қабылдауға келген педагогтерге жан-жақты түсіндірме жасалып, көтерген мәселелеріне нақты жауаптар берілді. Ұжыммен бірлескен іс-шаралар өткізіліп, сауалнамалар алынып, ұжымның ахуалы зерделеніп тұрады.
Сонымен қатар, Департаменттегі педагогикалық әдеп мәселелері жөніндегі Кеңестің жұмысына ұсыныстар берілді.
Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесін және іскерлік қасиеттерін жоғарылату бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін берері сөзсіз. Ал жұмыстың нәтижелі болуы үшін әрбіріміз талапқа сай қызмет етуіміз керек. Сондықтан халықтың сеніміне селкеу түсірмей, әдеп нормаларын сақтап, адалдықпен абырой биігінен көрінейік!
Айгүл Мырзағалиева,
Қызылорда облысының білім саласында
сапаны қамтамасыз ету департаментінің
әдеп жөніндегі уәкілі