Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес отырысы өтті

Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес отырысы өтті

2024 жылғы 22 сәуірде Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінде педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында үш мәселе қаралды.

Оның ішінде екі бөбекжай-бақшада мемлекеттік аттестаттау кезінде мекеме басшылары тарапынан тәртіп бұзушылықтар анықталғаны айтылды. Сонымен қатар, бір мектеп директорының өз қызметін адал әрі сапалы орындамағаны туралы арыз қаралды.

Кеңес нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығы негізінде, Исатай ауданындағы «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі мен әдіскеріне, сондай-ақ Жылыой ауданындағы №10 Амангелді атындағы орта мектеп директорының тәртіптік жауапкершілігін қарастыру туралы білім бөлімдеріне ұсыныстар жолданды.

Сондай-ақ, Қызылқоға ауданындағы «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісіне қатысты да тәртіптік шара қолдану туралы ұсыныс берілді. Бұл шешім оның сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және адал болу талаптарын сақтамағаны үшін қабылданды.

Кеңес қорытындысында, Атырау облысының Білім беру басқармасына білім беру ұйымдары басшыларына академиялық адалдықты сақтау, педагогикалық әдеп нормаларын ұстану және қызметтік міндеттерін адал орындау бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу ұсынылды.