Педагогикалық кеңестің қызмет тәртібі

Педагогикалық кеңестің қызмет тәртібі

 

Педагогикалық кеңес (бұдан әрі - педкеңес) - білім беру ұйымдарын жоғары педагогикалық алқалы басқару органы.

     Педкеңес қай мәселені қарастырады? Педкеңестің құрамы қандай?

     Оқу-тәрбие жұмыстарын қарайды, оқу жұмыс жоспарларын бекітеді,  педагогтердің оқу жүктемесін бөлу, оларды аттестаттауға дайындау, марапаттау және көтермелеу, сабақ кестесін құрастыру, білім алушыларды (тәрбиеленушілерді) қабылдау, ауыстыру және бітіріп шығару, кәсіби қызметке алғаш келген педагогке бір оқу жылы кезеңіне бекітілетін тәлімгерді анықтау мәселелерін және басқа да сұрақтарды қарастырады.

      Педагогикалық кеңестің құрамына білім беру ұйымдарының барлық педагогтары кіреді.

      Педагогикалық кеңес өз құрамынан бір оқу жылы мерзіміне төрағаны, хатшыны сайлайды.

      Педагогикалық кеңестің құрамы бір оқу жылына білім беру ұйымының басшысының бұйрығымен бекітіледі.

       Білім беру ұйымындағы педагогикалық кеңестің отырысына педагогикалық кеңестің мүшелері шақырылады. Қарастырылатын мәселеге сәйкес қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің мүшелері, білім беру ұйымдарына қарасты медициналық пункт қызметкерлері, сондай-ақ білім алушылардың ата-аналары қосымша шақырылады.

     Педагогикалық кеңестің қызмет тәртібі

     Педкеңестің жұмысы бір оқу жылына басшымен бекітіледі.

     Педкеңестің отырысы жоспарлы (жылына кемінде 5 рет) және жоспардан тыс (туындаған проблемаларды талдауды, оларды еңсеру жолдарын пысықтауды, рұқсат берілетін жүктемені анықтауды, оқыту режимі мен нысанын өзгерту қажеттігін қарастыратын, педагогтардың немесе ата-аналардың сұраныстары бойынша ұйымдастырылады) болып бөлінеді. Педагогикалық кеңестің барлық мүшелерінің 1/4 ұсынысы бойынша педагогикалық кеңестің жоспардан тыс отырысы өткізіледі.

     Отырысты өткізуге дайындық отырыс өткізілетін күнге дейін 10 (он) күнтізбелік күннен кешіктірілмей жоспарланады. Білім алушылармен (тәрбиеленушілермен) тікелей жұмыс жүргізетін қызметкерлер отырыс өткізілгенге дейін 3 (үш) жұмыс күн қалғанда хатшыға тиісті құжаттарды ұсынады. Педкеңес отырысының уақыты, орны және тәртібі мектеп әкімшілігімен келісіледі.

      Педкеңес отырысында талқыланатын мәселелер бойынша орындау мерзімі және орындауға жауапты тұлға көрсетілген қаулы шығарады. Кеңестің кезекті отырысында төраға өткен педкеңес шешімінің орындалу нәтижесі туралы қорытынды шығарады.

     Педкеңестің хаттама кітапшасының әрбір беті нөмірленген, жіппен тігілген, білім беру ұйымының мөрімен және білім беру ұйымы басшысының қолымен бекітілген болуы керек.

  Толығырақ министрліктің 16.05.2008 ж. №272 бұйрығында айқындалған.