Құрметті ата-аналар!
Балаларыңызды жекеменшік жалпы орта білім беру ұйымдарына орналастыру кезінде төмендегі маңызды құқықтық талаптарды ескерулеріңізді сұраймыз.
Маңызды!
📌 1. Білім беру қызметі міндетті түрде лицензиялануы тиіс
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 57-бабы 1-тармағына сәйкес, білім беру қызметін жүзеге асыру құқығы заңды тұлғаларға тиісті лицензия негізінде ғана беріледі. Яғни, мектеп ретінде тіркелген ұйым білім беру қызметін бастамас бұрын лицензия алуға міндетті.
📌 2. Лицензиясыз мектептердің қызметі заңсыз болып табылады
Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңына сәйкес, лицензиялауға жататын қызметті лицензиясыз жүзеге асыру — заңбұзушылық болып табылады және ол үшін жауапкершілік көзделген.
📌 3. Лицензиясыз мектеп ресми құжаттар беруге құқылы емес
Мұндай мекемелерде берілген табель, анықтама, куәлік, аттестат және өзге де ресми құжаттар жарамсыз болып табылады. Бұл ҚР Білім туралы Заңының 39 бабы 3 тармақ 1 тармақшасына сәйкес реттеледі.
📌 4. Құқықтық салдары болуы мүмкін
Егер білім алушы лицензиясыз мекемеден заңсыз құжат алған жағдайда, мұндай құжаттар оқу орындары — колледждер мен жоғары оқу орындары тарапынан мойындалмауы мүмкін. Бұл өз кезегінде баланың білім алу құқығына шектеу қоюы ықтимал.
📌 5. Қандай да бір күмән туындаған жағдайда не істеу керек?
Ата-аналар жекеменшік мектептің лицензиясының бар-жоғын «Е-лицензиялау» (http://elicense.kz) мемлекеттік деректер қоры ақпараттық жүйесінен» ашық және қолжетімді алуға болады.
Ескерту: Лицензиясыз қызмет жүзеге асырып отырған мекемелер туралы деректер анықталған жағдайда, бұл фактілер тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.