Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев пен Астана қаласының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлбақыт Жүнісова №59 мектеп-лицейіне барып, жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты.
Арнайы бастауыш сынып оқушылары үшін салынған қосымша ғимараттың құрылысы 9 ай бойы жүргізілген. Ғимаратта әр сынып толық жабдықталып, балаларға жайлы жағдай жасалған.
«Бұл мектеп осыған дейін үшауысымды мектеп болды. Жанына қосымша ғимарат салынған соң мәселе шешілді. Өздеріңіз көріп отырғандай, мұнда тек бастауыш сынып оқушылары білім алады. Қазір қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 4 мектеп жаңа оқу жылында ашылады.
Одан бөлек, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 24 мектептің құрылысы басталуда. Екі-үш жылдың ішінде үшауысымды және оқушы саны шамадан тыс мектептердің мәселесі толығымен шешілетін болады, - деді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы.
Аталмыш білім ордасында 4600 оқушы бар. Оның ішінде 500 бүлдіршін 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын аттайды.