Көкшетау қ. "Білім-инновация" лицей-интернатының мемлекеттік аттестаттау қорытындысы

Көкшетау қ. "Білім-инновация" лицей-интернатының мемлекеттік аттестаттау қорытындысы

Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің аттестаттау комиссиясы 2023 жылғы 3-5 шілде аралығында «Ақмола облысы білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернаты» КММ мемлекеттік аттестаттауды өткізді. «Ақмола облысы білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құжаттарын зерделеу барысында кемшіліктері анықталған жоқ. Білім беру қызметі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына және бекітілген бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырылады. Аттестаттау комиссия «аттестатталсын» деген шешім шығарды.  

Ақмола облысы білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернаты білім беру қызметін 7-11-сыныптарда жүзеге асырады. Лицейдің өзіндік ерекшеліктерінің  бірі – лицейде тек ер балалар оқиды. Математика, информатика, физика, химия, биология пәндері ағылшын тілінде оқытылады.

2022-2023 оқу жылында лицейде 25 мұғалім қызмет етті. Оқу жылын 214 оқушы аяқтады. 2022-2023 оқу жылында оқушылар айтарлықтай жетістіктерге қолжеткізді: жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының облыстық кезеңінде оқушылар 15 алтын, 12 күміс, 15 қола медальға ие болды. Республикалық кезеңде 9-сынып оқушысы Қаиргелді Мансұр география пәні бойынша 1-орын, 9-сынып оқушысы Ғалым Рахман география, 11-сынып оқушысы Асылхан Амирали ағылшын тілі, 11-сынып оқушысы Ибодуллаев Руслан информатика пәнінен 2-орын, 10-сынып оқушысы Арғын Бекежан география, 9-сынып оқушысы Мереке Закария математика пәнінен 3-орын алды. Сондай-ақ Ибодуллаев Руслан XVIII Халықаралық Жаутыков олимпиадасынан, информатика пәні бойынша халықаралық Еуразиялық олимпиададан қола медаль иегері атанды. 11-сынып оқушылары Карабаев Аян мен Шарипов Алишер де Еуразиялық олимпиаданың қола медаль жүлдегерлері атанды. 9-сынып оқушысы Сейтбаттал Темірлан мен 10-сынып оқушысы Бахытбек Ахмедияр «ІX Ирандық геометрия» олимпиадасына қатысып, қола медальмен лицей қоржынын толықтырды. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша өткізілетін «Юниор» олимпиадасының республикалық деңгейінде информатика пәні бойынша Шаймерден Нұрәлі мен Қуанышбек Нұрислам күміс, Саберлинов Нұрислам физика, Төлегенов Ерсұлтан география пәнінен қола медальға ие болды. Ақмола облысы білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернаты ағымдағы жылы олимпиада жетістіктері бойынша Қазақстанның 100 мектебінің ішінде 27-орынға тұрақтады.

Білім алушылардың оқу жетістіктері түлектердің ЖОО-ң грантын алуымен де айқындалады. 2022-2023 оқу жылы 38 түлектің ішінен бірнеше оқушы шетелдік жоғары оқу орындарының гранты мен грант жеңілдіктерін және Назарбаев университетінің  грантын ұтып алды. Мәселен, Хайрушев Жарас, Есиркесинов Рамазан, Абай Мұхтар, Сарбай Бағлан, Баймульдин Ельзар, Асылхан Амирали, Думанбек Ерқанат, Абдыкаримов Амирхан шетелдік университеттердің шақыртуын алса, Сейілбек Нұрислам, Думанбек Ерқанат, Хамитов Мират, Карабаев Аян, Жанат Әмір Назарбаев университетінің грант иегерлері атанды.