ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ӘДЕП ҚАТАҢ САҚТАЛУЫ ТИІС
Ағымдағы жылдың 21 маусым күні Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департамент жанындағы педагогикалық әдеп және педагогтардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Консультативтік-кеңесші органның (ККО) кезектен тыс отырысы өтті.
Кезектен тыс отырысында «Ақмола облысы білім басқармасының Жарқайың ауданы бойынша білім бөлімі Кең ауылының негізгі орта мектебі» КММ директорының м.а. тарапынан педагогикалық әдепті сақтамауы туралы жеке тұлғаның өтініші қаралды. Консультативтік-кеңесші органның жұмысына Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы О.Каппасов, ККО комиссия мүшелері, департамент қызметкерлері, мектеп директорының м.а. қатысты.
Жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша Департаменттің лауазымды тұлғасы директордың м.а. әкімшілік іс қозғады және білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды.
Сондай-ақ, мектеп директорының м.а. педагогикалық әдепті бұзу фактісі расталды, ККО отырыстарында қаралған бұзушылықтарды мойындады. ККО отырысының қорытындысы бойынша комиссия мектеп директорының м.а. қатысты тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыныстар шығарды.
ККО отырысында 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №293-VІ ҚРЗ «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының және ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы «Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы» №190 бұйрығының жалпы ережелерімен қоса педагогикалық әдептің негізгі қағидаттары бойынша жан-жақты сұрақтар қаралды.
ККО отырысының қорытындысы бойынша мектеп директорының м.а. іс-әрекетін қарап, тиісті шара қабылдау үшін ұсыныстар берілді. Педагогикалық әдеп бұзушылықтардың алдын алу және педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестердің жұмысын жандандыру жайлы айтылды.
Департамент жанынан құрылған Ақмола облысы білім беру ұйымдары педагогтарының педагогикалық әдеп және құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органы тарапынан педагогтардың құқықтарын қорғау мәселелері және «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңында мұғалімдерді өзіне тән емес функциялардан қорғауды, кәсіби қызметімен байланысты емес түрлі жұмыстарға тартуды, «Білім туралы» Заңында көзделмеген түрлі есептілікті ұсынуды, тауарлар мен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеу бойынша мәселелер қаралады.
Осыған орай, Педагогтардың құқықтары бұзылған жағдайда Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Ақан сері, 24 көшесінде орналасқан Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне және 8 (7162) 721465, 721466, 751467 байланыс телефондар бойынша хабарласуға болады.