
Ақмола облысының білім беру ұйымдарының 2026–2027 оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізу туралы
Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті өңірдегі білім беру ұйымдарының жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізді.
Мониторингтің негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарының оқу процесін бастауға дайындығын бағалау, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнама талаптарының сақталуын зерделеу, сондай-ақ білім алушылар мен педагог қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдайлардың қамтамасыз етілуін бағалау.
Мониторингтің екінші кезеңі шеңберінде білім беру объектілерінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары, материалдық-техникалық базаның жай-күйі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оқу кабинеттері мен оқу-зертханалық жабдықтардың жарақтандырылуы, тамақтандыруды ұйымдастыру, кадрлық қамтамасыз ету, кітапхана қорының жағдайы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға арналған жағдайлар, сондай-ақ бірінші сыныпқа қабылдауға дайындық мәселелері зерделенді.
Мониторинг нәтижелері білім беру ұйымдарының 2026–2027 оқу жылына дайындығы жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын көрсетті. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім беру ұйымдарында мердігер ұйымдар анықталып, тиісті шарттар жасалған, жұмыстарға техникалық және авторлық қадағалау қамтамасыз етілген. Нысандардың басым бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Күрделі жөндеу жұмыстары аясында білім беру ұйымдарының ғимараттарын жаңарту, қасбеттер мен шатырларды жөндеу, инженерлік жүйелерді жаңғырту, оқу кабинеттерін жөндеу және аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған іс-шаралар білім беру процесіне қатысушылар үшін заманауи, қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар білім беру нысандарында оң нәтижелер байқалады. Атап айтқанда, Степногорск қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы №1 жалпы білім беретін мектепте және Аршалы ауданының Ижевское ауылындағы жалпы білім беретін мектепте жөндеу жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жоғары қарқынмен жүргізілуде. Сонымен қатар облыстың басқа да білім беру нысандарында, оның ішінде Көкшетау, Макинск қалаларындағы және аудандық білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар мониторинг барысында қосымша бақылауды қажет ететін жекелеген мәселелер анықталды. Зеренді ауданы білім бөлімінің Алексеевка кентіндегі №1 жалпы білім беретін мектебінде жөндеу жұмыстарын бастау қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өзгеруіне байланысты жобалық-сметалық құжаттаманы түзету және қайта конкурстық рәсімдерді өткізу қажеттілігіне байланысты кейінге шегерілген.
Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылындағы жалпы білім беретін мектеп бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары дайындық кезеңінде тұр. Қазіргі уақытта рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құжаттар алынғаннан кейін мердігер ұйым бекітілген шарттар мен жұмыстарды іске асыру кестесіне сәйкес жөндеу жұмыстарын бастайды.
Сонымен қатар мониторинг барысында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын одан әрі жетілдіру бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, арнайы оқу кабинеттерімен, оқу-зертханалық жабдықтармен қамтамасыз ету және қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелеріне назар аударылды.
Анықталған мәселелер бойынша жауапты ұйымдарға кемшіліктерді жою және білім беру объектілерін жаңа оқу жылына уақтылы дайындауды қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар берілді.
Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті 2026–2027 оқу жылына білім беру ұйымдарының дайындығын бақылауды және білім алушылар үшін сапалы әрі қауіпсіз жағдайлар жасауға бағытталған іс-шаралардың орындалуын бақылауды жалғастырады.
Пресс-релиз