
2026 жылғы 15 мамырда облыстық маслихат отырысында Ақмола облысында білім беру реформаларын іске асыру, оқу жылын аяқтау және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Баяндамашы ретінде Ақмола облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Гамазов В.Г. білім беруді дамыту тұжырымдамасының іске асырылуы және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша баяндама жасады.
Қос баяндамашы ретінде Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы О.Қ.Қаппасов оқу жылының аяқталуы және жазғы демалысты ұйымдастырудың өзекті мәселелеріне тоқталды.
Баяндамада балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарының қосымша білім беру жүйесіне қайта енгізілгені, ал 2026 жылғы 1 сәуірден бастап оларды лицензиялау рәсімі күшіне енгені айтылды.
Лицензия алу үшін ұйымдар білім беру бағдарламалары, білікті педагогтар, медициналық пункт, тамақтану объектісі, қауіпсіздік жүйелері, балалардың тұруына қажетті жағдайлар және материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі тиістігі, өтінімдер eGov.kz және eLicense.kz порталдары арқылы қабылданатыны айтылды.