Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылдың 15 сәуірінде Астана қаласында Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері басшыларының қатысуымен офлайн форматта кең ауқымды семинар-кеңес өтті.
Семинардың алғашқы бөлімінде Білім беру сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Тұрғынбайқызы Мелдебекова аумақтық департамент басшыларының назарын Мемлекет басшысы мен Оқу-ағарту министрінің негізгі стратегиялық бастамаларының орындалуын тұрақты бақылауда ұстау маңыздылығына аударды. Атап айтқанда, «Ауылдық 1000 мектепті жаңғырту», «Білім берудегі 1000 өзгеріс көшбасшысы», «Жайлы мектеп», «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, «Мақсатты мектептер» жобасы және Қазақстанның еңбегі сіңген педагогтерін қолдау сияқты ірі бастамалар кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар, азаматтардың өтініштеріне шұғыл әрі сапалы жауап беру тетіктері, педагогикалық әдеп нормаларын сақтау, сондай-ақ білім беру сапасының көрсеткіштерін жүйелі талдау мәселелері семинардың басты назарында болды.
Семинар аясында Комитет мамандары тарапынан аумақтық департамент басшыларының кәсіби құзыреттілігін және басқарушылық қабілеттерін дамыту мақсатында арнайы психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Бұл тренинг көшбасшылық қасиеттерді нығайтуға және тиімді шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Семинар қорытындысы бойынша Комитет тарапынан өңірлердегі білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешу және аумақтық департаменттердің қызмет тиімділігін арттыруға арналған нақты іс-қимыл жоспары ұсынылды.