1 қыркүйек - Білім күнімен!

1 қыркүйек - Білім күнімен!

Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, ата - аналар!

 Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, мереке – Білім күнімен құттықтаймын!

Бүгін - ұлағатты ұстаз бен оқуға құштар шәкірттің қауышатын сәті.

Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын бұл күн еліміздің барлық тұрғындарының басын біріктіреді: мектеп табалдырығын аттауға асыққан бірінші сынып оқушылары, өзі армандаған мамандыққа қол жеткізген жоғары оқу орнына мақтанышпен келген мектеп қабырғасын жаңа ғана аяқтаған түлектер, алғашқы жұмыс күні әсері мен толғанысын бастан өткізіп жатқан жас педагогтер.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен  елімізде  оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда.

Президенттің тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап 1-4 сынып оқушылары толық тегін ыстық тамақпен қамтылатын болады.

  Облысымызда «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында үш жылда 53 жаңа үлгідегі мектеп салынады. 26 мектептің салынуы осы жылда басталады.

Мемлекеттің қолдауымен бүгінгі күні барлық өңірлерде, оның ішінде Алматы облысының 10 мектептерінде күрделі жөндеу жүргізілуде. 

Шалғай ауылдардан, саяжайлардан оқушыларды білім ұйымдарына тасымалдау үшін облысымызда жаңа 36 автобус сатып алынды. Бұл өңіріміздің өзекті проблемаларының бірі – оқушылардың қауіпсіз тасымалдануын шешеді.

Сонымен қатар, облысымыздың бірқатар мектептері 200-ден астам жаңа модификациялы кабинеттерімен, яғни биология, химия, физика кабинеттерімен қамтамасыз етілуі жоспарлануда.

Осы игі істердің барлығы балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына, оларға жайлы және қауіпсіз ортаны құруға бағытталған.

Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, ата - аналар!

Баршаларыңызды бүгінгі жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге жаңа жетістіктер мен, шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда сәттілік тілеймін!