Алматы облысында оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Облыс мектептері шамамен 18 мың он бірінші сынып түлегін үлкен өмірге шығарып салды — бұл жас, жігерлі және болашаққа үмітпен қарайтын түлектер.
Биылғы жылдың ерекшелігі — Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі құрған «Ең үздік 100 мектеп» тізіміне Алматы облысының бес бірдей мектебінің енуі. Бұл — өңірдегі білім беру сапасының жоғары деңгейі мен педагогтардың кәсіби шеберлігінің лайықты мойындалуы.
Тізімге енген мектептер:
Қонаев қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы №2 мектеп-лицейі,
Жамбыл ауданындағы Абай атындағы мектеп-гимназия;
Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы №1 орта мектеп;
Талғар ауданындағы Б. Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназия;
Іле ауданындағы №31 орта мектеп.
Салтанатты соңғы қоңырау барысында Алматы облысының Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атынан үздік мектептердің басшыларына алғыс хаттар табыстады.
Бұл — өңір білімінің дамуына және жаңа буынды тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлестің шынайы бағасы.