«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы: ауылдық өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы: ауылдық өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер

2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырыла бастады. Бұл — еліміздің барлық өңірлерінде білім беру жағдайларын түбегейлі жақсартуға бағытталған ауқымды бастама.

Алматы облысында жоба аясында 26 заманауи мектептің құрылысы қарастырылған, оның 24-і ауылдық жерлерде. Бұл — ауылдық елді мекендердегі білім сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық маңызды қадам. 2024–2025 жаңа оқу жылының басынан бастап өңірде 9 жаңа мектеп өз есігін ашып, шамамен 12 мың оқушыны қабылдады.

Жобаны іске асыру нәтижесінде:
— оқушы орындарының тапшылығы айтарлықтай азаяды;
— үш ауысымда оқытатын мектептер саны қысқарады;
— ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру мүмкіндіктері теңестіріледі;
— өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз, заманауи және жайлы оқу ортасы қалыптасады.

Сондай-ақ бұл жоба педагогтар үшін де қолайлы еңбек жағдайларын жасайды.
Жаңа мектептер заманауи стандарттарға сай салынып жатыр: кең әрі жарық сыныптар, инновациялық оқу ресурстары, цифрлық техника, мамандандырылған кабинеттер (зертханалар, шығармашылық бөлмелер және т.б.) — мұның бәрі оқыту үдерісін анағұрлым тиімді әрі ыңғайлы етеді.

Жалпы алғанда, «Жайлы мектеп» жобасы — бұл жай ғана жаңа ғимараттар салу емес. Бұл — еліміздің болашағына жасалған инвестиция, әрбір баланың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы және қолжетімді білім алуына жол ашатын стратегиялық шешім.
Жаңа мектептер — бұл жаңа мүмкіндіктер, ата-аналардың сенімі және өңірлер дамуының берік іргетасы.

Е. Жиренбай, Алматы облысы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы