Ақтөбе облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша барлығы 14 мектеп ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 2 мектеп өз жұмысын бастады. Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша 17 мыңнан астам оқушы білім алу үшін барлық жағдай жасалған мектепте білім алады деп жоспарлануда. Жоба – білім беру жүйесін сапалы өзгерістерге бастайтын маңызды қадамдардың бірі. «Жайлы мектеп» – бұл жай ғана жаңа мектептердің құрылысы емес, бұл – балаларымыздың болашағына, олардың білім алуына, қауіпсіздігі мен амандығына жасалған инвестиция. Бұл жоба оқушы орындарының тапшылығы, апатты мектептер және үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге, қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.
Жаңа стандарт бойынша салынған мектептер заманауи жиһазбен, зертханалармен, спорт және акт залдарымен жабдықталған. Сонымен қатар білім беру ұйымында инклюзивті білім беру мен оқу үдерісін цифрландыруға қажетті барлық жағдай жасалған.